Тұрмағамбет
Ізтілеуов(1882-1939)
Сыр бойы ақындарына
ұстаздық жасап, қисса әдебиетіне жол салған,
жазба әдебиетіміздің шығыспен байланысты екінші бір
қанатын дамытқан, өлең мен термеге үлкен
жаңалық енгізген ірі тұлғаның бірі Т.Ізтілеуов.
Оның тамаша дәстүрін өз кезінде Сыр ақындары
үлгі тұтып өздеріне өнеге алған. Сол себепті
Т.Ізтілеуов өзіндік дәстүр, мектеп тудырған поэзия
дүлдүлдерінің бірі ретінде
танылған. Т.Ізтілеуов қазақ әдебиетінің
тарихында алатын орны да елеулі екені ақиқат.
Т.Ізтілеуов 1882 жылғы 9 шілде
күні қазіргі Қызылорда облысында Қармақшы
ауданындағы Ленин атындағы совхозда дүниеге келген
қазақ елінің халық ақыны, аудармашы және
педагог. Алғаш ауыл мектебінен, кейін Бұхар қаласына барып
ең алдымен "Мір-араб" (1896-99), "Көкілташ"
медресесінде (1899-1905) оқиды. Осы медресседе тәжік
халқының үлкен айтулы ғұламасы Садридин
Айнимен(1879-1955) бірге оқып, араб, парсы, шағатай
әдебиеттерімен жете танысқан. Оқуды аяқтағаннан
кейін көп уақыт (1905-1925) туған елінде мұғалім
болып, бала оқытады. Сонымен қатар ақындық өнерді
серік етіп өлең жазумен де айналысады.
Тұрмағамбет
ақынды 30 жылдары Қазақстан Оқу комиссариаты
Алматыға алдырып, қызмет береді. (1931-1937) Бүкіл
шығыс және әлем халықтарына танымал,
мәшһүр, "Шаһнама" дастанын аударуға жағдай
жасайды. Бірақ кейінгі тағдыры баянды болмай білімдар ақын
1939 жылдың 15 мамыр күні туған ауылында қайтыс болды.
Тұрмағамбет
творчествосы сан алуан. Ол поэзияның барлық жанрына қалам
тартқан ақын. Сауатты болғандықтан ерте кезден-ақ
Абай шығармаларымен таныс болған. "Абайда оқығанда"
деген өлеңін 1910 жылы жазған. Төңкеріске дейін-ақ
аты шыққан ақын, кеңес дәуірінде де
бірқатар шығармалар жазды. Шығыс тақырыбына батыл
барып, байсалды еңбек жазған қазақ
ақындарының бірі Т.Ізтілеуов. Әсіресе, оның
ақындығының шыңы - қазақ
әдебиетінің қазынасына қосқан
шығыстың классигі Фирдаусидің "Шаһнамасынан"
жасаған 40 мың жолдық аудармасы. Бұл күрделі
еңбектердің бір бөлімі "Рүстем-Дастан" 1961
жылы өз алдына жеке кітап болып жарық көрді. Бұл
мұраға ұлы Әуезов ерекше ықылас, ілтипат білдіріп
бағалады.
Талантты шайырдың
төлтума толғаныстары "Назым" деген атпен 1972, 1982
жылдары ғалым Мардан Байділдаевтің құрастыруымен екі
рет жарық көрді.
Ақын, аудармашы, педагог,
бұрынғы ССРО Жазушылар одағының мүшесі
Т.Ізтілеуовтің 100 жылдық мерекелі тойы (1982) республиканың
мәдени өмірінде елеулі оқиға ретінде кеңінен
аталып өтті. Туған жерінде күмбез мұнара
тұрғызылды. Қоладан ескерткіш мүсін орнатылды,
мәңгі есте сақтау үшін мәдени орындарға
есімі берілді.
Т.Ізтілеуов "Қара
қоңыз" атты тұғыш мысал өлеңін 14 жасында
жазса, алғашқы "Мәрді диқан" атты дастанын 18
жасында жазды. Танымал ақын "Данышпан қарт",
Тұтқын қыз", "Рауа бану" т.б. оннан астам
дастан жазған еңбекқор жан. Бұл дастандардың
тәрбиелік мәні зор болды. "Жер жүзін жеті қабат
зұлмат басты" атты жыры арқылы 1916 жылғы
қазақ халқының ұлт-азаттық
қозғалысына да өзіндік үн қосып,
жан-айқайын білдірді.
Алайда ақын
мұрасының шұрайлы, татымды саласы - тақпақ,
рубай, назым, нақыл, мысал, айтыс, өлеңдер. Жаңа
заманның алуан тақырыбын қамтыған ақын
халық таланттарының республикалық жиналысына қатысып
(1934), оны шабыттана жырға қосты.
ХХ ғасырдың бас
кезінде Сыр бойында жазба түріндегі қисса, айтыс поэзиясы
айрықша өріс алған еді. Ал Т.Ізтілеуов осы
жаңалықтың басында тұрған адам. Ақын
шығармашылығының үлкен бір ерекшелігі -
өлеңдерінің дыбыстық құрылысында
аллитерация мен ассонанстың інжудей төгіліп тұруы.
Нақыл үлгісіндегі төмендегі өлеңінде сатира
сарыны байқалады.
Қабанға қарсы ұмтылма ер дегенге
Сортаңға тұқым
шашпа жер дегенге.
Ұялып
орын таппай қалмаңыздар
Төменнен тұра ұмтылма төр дегенге.
Ал аз күн
кісі болып, елге қысым көрсеткен өзімшіл типтерді ақын:
Кейбіреу сәл бақытқа мас болады.
Шабақтай
шалпылдаған қайраңдағы
Кеулінде
мен де адаммын деп жүрген көп
Кілегей
шайға ұқсаған айрандағы,-
деп әжуалап, халыққа қарсы қояды.Бұл анық - сатира.
1916 жыл оқиғасына
орай жазылған "Жер жүзін жеті қабат зұлмат
басты" дейтін өлеңінде Тұрмағанбет ХІХ
ғасырда өмір сүрген Дулат, Шортанбай ақындар секілді
"адам азды" демейді, керісінше "заман азды", езілген елге
бостандық керек дейді:
Заң
тозды төресі жоқ жан жоғынан,
Тозды
жұрт тойып жейтін нан жоғынан.
Қыран
құс қайда ұшарын біле алмай тұр.
Алып жер
ашыққанда аң жоғынан.
Араға жыл салып, патша тақтан құлағанда,
төңкеріс болғанда үлкен ақын да халықпен
бірге қуанады, алдағы күндерден зор үміт күтеді.
Саналы ғұмырын
өнер, білім, ғылымға арнаған ақын:
Ақыл -
тон аңдағанға тозбайтұғын,
Ғылым -
кен, күнде өніп қозғайтұғын.
Иелік екеуіне еткендердің
Жаны жоқ
жер жүзінде озбайтұғын,-
деп толғайды. (Ақыл мен ғылым) Ақынның
"Назым", "Тәлім", "Жаз келді",
"Ғибрат өлең", т.б. өлеңдерінің
тәрбиелік мәні зор, тағылымы жеткілікті,
"Тұрмағанбет пен Шәді төре айтысы" да
қызғылықты, тартысты дүние.
Тұрмағанбет Ізтілеуов
өмірі мен творчествосы туралы "Үш ғасыр жырлайды"
(1965), "Бес ғасыр жырлайды" (1985) жинақтарына
және жеке кітап болып жарияланды. ("Рүстем-Дастан"
(1961), "Назым" (1972,1982). Сонымен қатар 1965 жылы
жарық көрген "Қазақ әдебиеті тарихы" (2
том, 2 кітап) кітабында ақын туралы былай дейді:
"Тұрмағанбет поэзиясынан тағы бір назар аударатын
ерекшелігі ол - жанр жаңалықтары мен поэзия түрінің
байлықтары. Бұрын халық поэзиясында бар: толғау, терме,
арнау, айтыс жанрларының үстіне шығыс әдебиеті
өрнектерінен, мысалы: тақпақ, рубаят, хикая, дастан жанрларын
қазақ жағдайына бейімдей алды".
Қорыта айтқанда
телегей теңіз әдебиеттен қанып ішкен, еркін сусындап
өскен қаламгер Ізтілеуов кәусар бұлақ нәрін
қазақ ақындарына асыл қазына ретінде жеткізе білді, ол
сонысымен қымбат және қазақ әдебиетінің
тарихынан өзіне лайықты орын ала білді.
Аллитерация - латын-дыбыстас
дауыссыз дыбыстардың қайталануы.
Ассонанс - латын-үйлесім, өлең
сөздеріндегі дауысты дыбыстардың үндесе қайталануы.